Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған «Мерейлі 30 күн» жоспары аясында, 2025 жылдың 15 тамызында Шымкент қаласындағы оқу-сауықтыру «Көктөбе» лагерінде Балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері мен үй балалары арасында «Спорт – денсаулық пен құқықтық мәдениеттің бастауы» тақырыбында дәстүрлі спартакиада өтті.
Бұл игі шараның басты мақсаты – балалардың денсаулығын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және түрлі әлеуметтік мәртебедегі балалар арасында достық пен ынтымақтастықты дамыту болды.
Спартакиада жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп ұйымдастырылды. Жарысқа балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері (балалар үйінен келген тәрбиеленушілер), үй балалары (отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар) қатысты.
Жарыс бағдарламасында жеңіл атлетика, эстафеталық ойындар, ұлттық спорт түрлері және әртүрлі жарыс кезеңдері қамтылды. Балалар бір-бірімен тартысты додаға түсіп, өздерінің шеберлігін, төзімділігін, жылдамдығын көрсетті.
Сонымен қатар, іс-шараны мәдени бағдарлама толықтырды. Шымкент қаласындағы саз мектебінің өнерпаздары арнайы концерт қойып, әншілер әсем әуендер орындап, бишілер мың бұрала биледі. Өнер мен спорттың үндестігі балаларға ерекше қуаныш сыйлап, лагерь төрінде мерекелік атмосфера орнады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шымкент қаласы білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» демеушілерінің атынан мақтау қағаздарымен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда ұйымдастырылып, қатысушылардың бойында мақтаныш сезімін оятты.