«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Балаларға базарлық» акциясын жалғастырады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл шара «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында қолға алынып отыр. Қаладағы 100 отбасының балаларына кітап мен жеміс-жидек себеті үлестірілді.
Аталған акция - Балалар әдебиеті жылында «Кітап оқуға құштар ұлт» жобасын сапалы іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұл-қыздарды кітап оқуға баулу, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Бүгін сыйлыққа кітап алған балалар алдағы уақытта «Мен оқыған кітап» байқауларына қатысып, пікір алмасатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Шымкентте өткен республикалық “Кітап фестиваліне” келушілер кітап сатып алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін арнайы сандыққа ең құнды сыйлық - әдеби және танымдық кітаптар жинаған болатын. Жиналған кітаптар өз кезегінде кішкентай оқырмандарына жол тартқан еді. Бүгінгі іс-шара да тап осы жолғы ізгі бастаманың жалғасы болып табылады.
Сол қайырымды істі жалғастыруға бұл жолы Шымкент қалалық Мәслихатының депутаттары, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар демеушілік көрсетті. Олар іскер азаматтар Рәшкүл Оспанәлиева, Айжан Найымбекова және жас депутат Наргиза Керімбаева мен республикалық “Шұғыла кітап” баспа үйі. Балаларға базарлықты үлестіруге ерікті жастар атсалысты.