Шымкент: Алты партиядан 68 кандидат тіркелді

Шымкент: Алты партиядан 68 кандидат тіркелді

Бүгін Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы Шымкент қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттарды партиялық тізім бойынша тіркеуден өткізді.

— Сайлауға кандидаттарды ұсыну 8 ақпан күні толығымен аяқталды. Заңға сәйкес, кандидаттарды ұсынудың екі жолы бар. Яғни, Шымкент қалалық мәслихатында 32 депутат бар. Оның 16-сы бір мандаттық округ, 16-сы партиялық тізім бойынша сайланады. Қазіргі таңда партиялық тізім бойынша 6 партиядан 68 кандидат тіркелді. 13 ақпан күні «Ақ жол», «Аманат», «Ауыл» партиясының кандидаттарын тіркеуден өткізіп, куәліктерін табыстадық. Бұл 3 партия 2021 жылғы Мәжіліс және мәслихат сайлауында 5 пайыздан жоғары дауыс алғандықтан жарна төлемейді. Ал, бүгін «Байтақ», «Қазақстан Халық партиясы» және «Respublika» партияларының кандидаттары тіркеліп отыр. Аталған партиялардың арасында «Қазақстан Халық партиясы» өткен сайлауда 1,3 пайыз дауыс алғандықтан, жарнаның 70 пайызын төлейді. Яғни, 30 пайыз жеңілдікке ие. Құжатқа сәйкес, партия өткен сайлауда 3-5 пайыз аралығында дауыс жинағанда, жарнаның 50 пайызын ғана төлер еді. Ал, «Байтақ» пен «Respublika» партиялары әр кандидатқа 350 мың теңге көлемінде жарнаны толық төлеп отыр, - дейді Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Құнанбаев.

Қайырбек Көбекұлының айтуынша, партиялық тізім бойынша тіркелген 68 кандидаттың 13-і «Ақ жол», 31-і «Аманат», 6-уы «Ауыл», 6-уы «Қазақстан Халық партиясы», 4-уі «Respublika», 8-і «Байтақ» партиясынан ұсынылған.

— Қалалық мәслихаттағы бір мандаттық 16 орынға 8 ақпанға дейін 153 азамат құжат ұсынды. 14 азамат өтінішін кері алып, 16 округ бойынша 139 азамат қалды. Бүгінге дейін барлық құжаттары талапқа сай, сәйкестендірілген, жарнасы төленген 73 кандидат тіркелді. Өзге кандидаттар да құжаттарын толық өткізген жағдайда 18 ақпан сағат 18.00-ге дейін тіркеуден өтетін болады, - дейді Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 638 361 сайлаушы бар. Алайда, сайлаушылар саны 27 ақпан күні қайта нақтыланатын болады.