Реновациялық бағдарлама инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес тұрғындардың келісімі арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы бүгін арнайы реновациялауға жататын объектілер бойынша тұрғын үй иелеріне өтеудің тәртібі мен шарттары, сондай-ақ қаржыландыру мәселелері бойынша аудан әкімдіктерінің, тұрғын үй басқармасының, «Shymkent ӘКК» АҚ және инвесторлардың, БАҚ өкілдері мен тұрғындардың қатысуымен тыңдалым өтті. Тыңдалым барысында меншік үй иелері инвесторлардың ұсынысын тыңдап, бірқатар сұрақтарға нақты жауаптар алды.
Реновация бағдарламасына енгізілген тұрғын үйлердегі тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес мөлшерде жаңа пәтерлер беріледі. Тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне оның құны өтеледі. Меншік иелері келіспеген жағдайда өткізілетін мүлік үшін өтем салынып жатқан объектілерде ауданы бойынша бірдей тұрғын емес үй-жайларды беру жолымен қамтамасыз етілу қарастырылған. Сол арқылы қаланың көркін ашатын әсем зәулім үйлер салынатын болады.
2023 жылға қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді бұзып, қайта жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Аталған үйлер Абай ауданында - 1, Әл-Фараби ауданыда - 1, Еңбекші ауданында - 1, Тұран ауданында - 3. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша «Shymkent ӘКК» АҚ жұмыс жасауда. Бұған дейін де аудандық әкімдіктермен тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулері ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Айта кету керек, аталған бағдарлама бойынша инвесторларды тарту және сүйемелдеу функцияларын орындайтын "Shymkent" Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы " акционерлік қоғамы болып табылады.