Шымкент – Қызғалдақ қала

Шымкент – Қызғалдақ қала

Қызыл, қара дақ. Бұл гүл бұрындары дәл осылай аталған деседі. Кейінірек дыбыстық өзгеріске ұшырап “Қызғалдақ” аталып кеткен екен. Бұл қырмызы гүлге арқау болған аңыз да көп, тарихы да тым тереңде. Расында, қызғалдақ қандай гүл? Оны шым шаһармен не байланыстырады? Қызғалдақтың отаны қай ел?


Қызғалдақтың көктеуі көктемнің жаршысындай. Ол көктемді қарсы алып, жазды шығарып салатын әсем гүл. 3 см ден 60 см дейін өсетін бұл гүл бар болғаны 15 күнге ғана гүл ашып тұрады екен.

Әлемде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Оның 34 түрі елімізде өседі. Сондықтан «Қазақстан – қызғалдақтың отаны» саналады. Ал ғалымдардың айтуынша қызғалдақтың пиязшығы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақстаннан Түркияға, одан әрі Голландияға кеткен көрінеді.

Шымкент қаласындағы дендросаябақта «Қызғалдақ – оңтүстік мұрасы» деп аталатын инсталляция орнатылған. Бір шоқ дала қызғалдақтарын ұстаған Жер-ананың әсем қолын бейнелейтін композицияның биіктігі 5 метрді құрайды. Сондай-ақ, инсталляция адам мен табиғаттың бірлігін білдіреді. Ал әсем гүлдер тарихи тұрғыдан қызғалдақтар алғаш рет Қазақстанның оңтүстік өңірінде пайда болғанын меңзейді.

Шымкенттің кескін-келбеті де осы әсем қызғалдақтармен ұштасып, үйлесетіні, көңілдерді қуантатыны әп сәтте байқалды. Шымкенттің жаңа логотипі ретінде қызғалдақтың бекер таңдалмағаны, мұның сәтті шешім болғаны білінді. Жалпы, былтыр күзде қаладағы көшелер мен гүлзарларда 1 млн-нан аса қызғалдақ егілген болатын.

Қаланы көріктендіруші мамандар гүлдерді арнайы кескіндердің ізімен еккен. Қызғалдақтар, мысалы, ұлттық ою-өрнектер, қаланың логотипі мен геометриялық кескін пішінінде гүлдеп тұр.

Сакураның гүлдегенін көру үшін туристер Жапонияға ағылады. Біздің елімізде де көктемгі қызғалдақты қызықтау үшін өзге өңірден ғана емес шет елдерден де туристер келіп, тамашалауда.

Айтпақшы, «Қызғалдақтар фестивалін» тамашалайтын күн алыс емес. Ендеше сіз де қызғалдақ қалаға қонаққа келіңіз.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР АҚДМ қолдауымен «Balapan» телеарнасы «Қазақстан – қызғалдақтар мекені» атты анимациялық хикаяны жарыққа шығарды.

Жобаның іске асырылуына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы идеялық негіз болды. Нұрсұлтан Назарбаев аталған мақалада Қазақстан – қызғалдақтың Отаны екендігін атап келе,

- Өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған... Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады, - деп жазған болатын.


Анимациялық телехикаяның басты мақсаты – өскелең буынға ғажайып гүлдің тарихын, ерекше қасиеттерін таныстыру арқылы оны қорғауды, көбейтіп өсіруді насихаттау. Оқиға желісі бойынша, айықпас дертке шалдыққан Голландия елінің сұлу да мейірімді ханшайымын Алатаудың баурайында өсетін ерекше гүлдің қайнатпасымен ғана емдеуге болады. Қайтсем де қызғалдақтар мекеніне жетем деген ханзада нөкерлерімен бірге алыс сапарға аттанып, шытырман оқиғаларға тап болады. Осылайша, 10 бөлімнен тұратын мультхикаяда әлем жұртшылығының сүйікті гүліне, қазақ даласының символына айналған қызғалдақтың Еуропаға бару жолы баяндалады.

«Қазақстан – қызғалдақтар мекені» анимациялық сериалы 17 сәуірден бастап әр сенбі-жексенбі күндері сағат 20:40 және 23:20-да «Balapan» телеарнасынан көрсетіледі.