Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баспасөз брифингте айтты. Өткен жылы Шымкент қаласында 24 800 орындық 43 мектеп пайдалануға берілген. Нәтижесінде үш ауысымды мектеп саны 9-дан 4-ке, оқушы толымдылығы артқан мектеп саны 38-ден 21-ге төмендепті.
Қазір қаладағы 897 білім беру ұйымында 399 598 бала білім алуда. Білім беру ұйымдарының саны 2021 жылмен салыстырғанда 84-ке артқан.
–Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте 2025 жылға дейін 68,6 мың орындық 54 мектеп салынады. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде 37,7 мыңдық 25 мектеп пайдалануға беріледі. Биылдың өзінде осы жоба шеңберінде 12 мектептің құрылысы басталады. Мектептің қуаттылығына келсек, 10 мектеп 2 мың орындық, 4 мектеп 1500 орынға, 8 мектеп 1200 орынға лайықталса, 900 орынға 1 мектеп және 2 білім ұйымы 600 оқушыға шақталған. Сонымен бірге, бюджет есебінен 15, инвестициялық жоба негізінде 14 мектептің құрылысы жоспарланып отыр, - деді Жанат Арысбекқызы.
Спикердің сөзінше, Мемлекет басшысы білім саласына қатысты 19 тапсырма мен 3 бағдарлама енгізіліп, шаһарда оның 10-ы орындалып, 9-ы орындалу үстінде.
Осы тапсырманың бір бағыты – 2-6 жас аралығындағы балаларды толық балабақшамен қамту. Шымкентте 2023 жылы 2-6 жас аралығындағы балғындарды балабақшамен қамту жоспарын 82,6 пайызға, ал, 3-6 жас аралығындағы балаларды 10 пайызға жеткізу көзделген. Жан басына қаржыландыру нормативіне сәйкес, биыл әр балғынға мемлекеттен 45 603 теңге бөлініп, оған 39,7 млрд теңге қаржы қаралып отыр.