Шымкентте 7 351 адамға коронавирусқа қарсы екпе салынды

Шымкентте 7 351 адамға коронавирусқа қарсы екпе салынды

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

– Шымкент қаласына осы жылдың 31 қаңтарынан бастап «Спутник-V» вакцинасының I компонентіне 7 400 доза, II компонентіне 5 800 доза жеткізілді. Яғни коронавирусқа қарсы ресейлік екпенің бірінші компоненті 7 351 адамға, екінші компоненті 1 876 адамға салынды. Ал екпе қабылдаған адамдарда кері әсер байқалмаған, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.

Спикердің сөзінше, қалада 11 ПТР зертханасы жұмыс істейді. Аталған зертханалар тәулігіне 6 270 тест жасауға қауқарлы. Тарқатып айтсақ, шетелге шығатын жолаушылар мен өздігінен тексерілуге ниетті тұрғындар ақылы тестілеуден өтеді. Ал жоспарлы түрде ПТР тестін тапсыратын барлық санаттағы адамдарға тегін жүргізіледі.

Брифинг барысында басқарма басшысы коронавирус инфекциясын ауыздықтаудың жалғыз жолы вакцинациялау екенін алға тартты. Осы орайда ол қала тұрғындарын екпе салдыруға шақырды.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте вакцинациялауға арналған 38 егу пункті, 320 термоконтейнер дайындалған. Бұл ретте 1-2 сәуір күні қалаға ресейлік «Спутник V» вакцинасының 7 300 және отандық «QazCOVID» вакцинасының 2 400 дозасын әкелу жоспарланып отыр.