Шымкентте жақында «BAQYT» тұрғын үй кешені ел игілігіне берілді, - деп хабарлайды Shymkentaqparat
«Нұрсәт» шағынауданында орналасқан тұрғын үй кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған. Бірінші кезең бойынша үйлер 2020 жылдың наурыз айында тапсырылса, екінші кезеңі биылғы жылы жүзеге асып, 40 мыңнан астам шаршы метр пайдалануға берілді.
«Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС-нің қаржы директоры Гүлжан Сыдықованың айтуынша, бұл тұрғын үй кешені құрамалы каркас тәсілімен салынған. Құрылысқа керекті заттар аталған компанияның ЖБИ зауытында жасалған. Үйдің сырты табиғи тас травертинмен қапталған. Жеке көліктерге паркинг бар.
Айта кететін жайт, пәтерлер 66-118 шаршы метрден есептелген. Бұл пәтерлердің 70 пайызын банк салымшылары алды. Олар құрылыс басталмай тұрып, несие рәсімдеген. Осылайша, нарықтық бағадан төмен бағамен баспанаға қол жеткізіп отыр.
«Отбасы» банкі Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сұлтановтың айтуынша, заманауи үлгідегі салынып жатқан пәтерлер құрылысы бітпей жатып сатылып кеткен.