ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 257 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 257 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Үшінші мегаполистегі жол жөндеу және көшелерді реттеу мәселесі назардан тыс қалған емес. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары биыл да осы бағыттағы жұмыстарды басты жоспарға енгізіп отыр.

Мамандардың мәліметінше, шаһар аумағынадағы жолдардың жалпы ұзындығы 3 248 шақырымды құрайды. Оның ішінде қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2 066 шақырымына асфальт төселген. Бұл – жалпы жолдың 63,6% пайызын құрайды. Ал 1 024 шақырым, яғни, 31,5 пайызы – шағал тас төселген көшелер.

2022 жылы Шымкенттегі коммуналды меншіктегі жолдар мен елді мекендердің көшелерінің 287,8 шақырымында жол-құрылысы жұмыстары жүргізілді. Ал биылға 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Айта кетейік, жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға іс-шаралар жоспары бекітілген. Оған сәйкес, бүгінде қаланың магистралды көшелеріне қарағанда елді мекендердің ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде. Көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жер асты коммуникациялық жүйелері (су, газ, кәріз құбыры және т.б.) жүргізілгеннен кейін, бекітілген жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен атқарылуда.