Шымкентте денсаулық сақтау саласының дайындығын пысықтау жөнінде штаб отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов төрағалық етті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленген. Бүгінде А сценарийі бойынша жұмыс атқарылып,1380 төсек-орын әзірленген. Ал, жағдайдың өзгеруіне қарай B және С сценарийлерінде 5 мың төсек-орын дайындалады.
Қалада ӨЖЖ аппараттары мен оттегі, сонымен бірге дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
Штаб отырысында қала әкімі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды тілге тиек етіп, қала тұрғындарын бетперде киіп жүруге, көпшілік орындарға бармауға және басқа да санитарлық талаптарды сақтап жүруге шақырды. Санитарлық талаптардың орындалуын қадағалайтын мобильді топтардың жұмысын күшейте түсуді тапсырды.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау мекемелерінде 284 науқас коронавируспен ем алып жатыр. Толымдылық 20 пайызды құрайды. Одан бөлек симптомсыз 133 науқас үйлерінде емдеу үстінде.
Айта кетсек, Шымкент қаласында 29 наурыз күні коронавируспен 13 науқас тіркелді. Одан бөлек, 2345 адам коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған. Олар тіркелген емхана дәрігерлерінің бақылауына алынған.