ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚТЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТУДА ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚТЫ БАСПАНАМЕН ҚАМТУДА ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Биылдан бастап Шымкент қаласында тұрғын үй кезегі бойынша арнайы санаттарға жатпайтын азаматтардың да баспанамен қамтылуына мүмкіндік қарастырылады. Іске қосылатын «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы алғашқы кезеңде 150 адамды пәтермен қамту жоспарланып отыр. Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының былтырғы жұмыстары мен алдағы жоспарлары бойынша есебін тыңдаған қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа бағдарламаны іске қосу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Биыл мегаполисте халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Көпбалалы аналар мен жетім балаларға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, жастарға жыл соңына дейін 2 мың пәтер беру жоспарланып отыр.

“Жылдан жылға қалада халық саны артуына байланысты баспанаға мұқтаж азаматтар көбейіп келеді. Осыны ескере отырып, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын “Қамқор ” бағдарламасын іске қостық. Қала бюджетінің артуына орай бұл бағдарламамен пәтерлі болатындар саны да жыл сайын көбейіп отыратын болады” – деді қала әкімі.

Мұрат Дүйсенбекұлы саладағы проблемалық мәселелерге де баса назар аударды. Апатты және күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің мәселелерін оңтайлы шешу бойынша да жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұл ретте қаланың сәулеттік ерекшелігін сақтау да маңызды екенін ескертті. Жоспарға сәйкес, реновация бағдарламасы шеңберінде жыл сайын орталық көшелердегі 10 үй жаңартылатын болады.