ШЫМКЕНТТЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯДА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН 3 500-ДЕН АСТАМ КӘСІПКЕР БАР

ШЫМКЕНТТЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯДА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН 3 500-ДЕН АСТАМ КӘСІПКЕР БАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында креативті индустрияны дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Аталған міндетті жүзеге асыру үшін 2022 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни, ендігі жерде бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету кезінде креативті индустрия негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылмақ.

Заңнамаға енгізілген осы өзгерістерге байланысты Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында креативті индустрияда жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдерімен кездесу өтті.

-Шымкент қаласында креативті индустрияның әлеуеті өте жоғары, Біздің басқармамыздың тарапынан жүргізілген талдаудың нәтижесінде Шымкент қаласында креативті индустрияда жұмыс істеп жатқан 3 500-ден астам кәсіпкер бар екені айқындалды. Заңнамада бұл индустрияның 11 бағыты бар екені кқрсетілген болса, біз Шымкент қаласының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып бірнеше басым бағытты таңдап алдық. Оның ішінде туризм, кино және анимация, сән өнері мен қолөнер бағыттары бар. Алдағы уақытта осы секторларда жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, оларға жан-жақты қолдау көрсетеміз, - дейді Шымкент қаласы әкімдігінің туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы маркетинг және креативті индустрия бөлімінің басшысы Жанар Махажанова.

Айта кетейік, жиын барысында Шымкент қаласы дизайнерлер қауымдастығының өкілдері креативті индустрияны дамытудың өзекті мәселелері жайлы ойларын ортаға салды.