Шымкентте оразаның алғашқы күні имамдар вакцина салдырды

Шымкентте оразаның алғашқы күні имамдар вакцина салдырды

Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов Ораза айының бірінші күні коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бас имамның игі ісін қолдай келген бір топ діни қызметкер де қалалық №13 емханада инфекцияға қарсы екпе салдырды, -деп хабарлайды Shymkentaqparat

Вакцина ағзаға қуат беретін дәрумен емес екенін алға тартқан бас имам адам денесіне инемен екпе егу оразаны бұзбайтынын атап өтті.

- Құрметті мұсылман жамағат! Қасиетті Рамазан айының бірінші күні өзімнің және халықтың денсаулығы үшін алаңдап, алдағы уақытта жағдай жақсарсын деген жақсы ниетпен бір топ имам болып вакцина салдырдық. Алдағы уақытта жағдайымыз жақсарып, қалыпты өмірге келуі үшін жұмыла күресуіміз керек. Мешіттер ашылып, құлшылық ғибадатымызды жасасақ. Бұл вакцина адам баласына қажет азық немесе ағзаға қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне инемен екпе егу оразаны бұзбайды, - дейді қаланың бас имамы.

Айта кетсек, Шымкенттегі мешіттерде 260-қа тарта имам бар. Жергілікті діни қызметкерлердің барлығы Ораза айында ковидке қарсы вакцина салдыруды жоспарлап отыр.