Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2022 жылды қорытындылады. Аталған сот ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі негізінде азаматтар, заңды тұлғалар мен мемлекеттік мекемелер арасында туындаған даулы істерді қарайды.
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, сотқа 1892 (189 іс 2021 жылдан қалған) әкімшілік талап-арыз түскен. Істердің санаты бойынша ең көп арыз жер, жеке сот орындаушыларына қатысты мәселелер, салық, мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік сатып алу және кеден даулары болған.
–Бұрын азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік мекемелердің үстінен сотқа арызданса көбіне жеңілу жағдайы көп кездесетін. Өйткені азаматтардың мүмкіндігі мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде ҚР Президентінің 2021 жылғы 1 шілдесіндегі «Мамандандырылған әкімшілік соттар туралы» Жарлығына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты құрылды. Нәтижесінде, мамандандырылған әкімшілік соттар талап қоюшылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, азаматтар, заңды тұлғалар және мемлекеттік мекемелер арасындағы теңсіздікті болдырмау бағытында қызмет атқарып келеді, - деді мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Нұрдәулет Рахынбаев.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің «Сот бақылауы» деген арнайы тарауда судья өзі қабылдаған шешімнің орындалуына тікелей бақылау жасайды. 2022 жылдың 12 айында 55 әкімшілік іс бойынша ақшалай өндіріп алуға процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған. Өндірілген 4 млн 76 мың 130 теңге толықтай республикалық бюджетке төленіпті.
–Мұндай мәжбүрлеу шарасы 25 мемлекеттік мекеменің басшысына, 3 мемлекеттік мекемеге, 15 мекеменің бөлім басшылары мен мамандарына, 4 талап қоюшы мен 7 сот орындаушыға және 1 басқа тұлғаға қолданылды, - деді соттың төрағасы.
Сонымен қатар, өткен жылы 172 іс татуласумен аяқталған. Татуласу бағытындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мен Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы және қаланың жеке сот орындаушылар палатасы арасында меморандум бекітілген. Нәтижесінде, 2022 жылы алғаш рет салық пен кеден дауларына қатысты істер татуласу тәртібімен шешілген. Мәселен, өткен жылы салыққа қатысты 3 әкімшілік іс медиация келісімімен аяқталыпты.