Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары талқыланды.
Қала әкімі су тасқынын алдын алу үшін күштік құрылымдар тығыз байланыста әрекет етіп, жауаптыларға жұмысты үйлестіруді тапсырды. Аудан әкімдеріне халыққа қолайлы жағдай жасау үшін ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қардан тазалау жұмыстарын қарқынды жүргізуді ескертті.
«Аудан әкімдері, өз аумақтарыңыздағы көшелерді аралап, ирригациялық жүйелердің қалпына келтірілуін жүзеге асыруы тиіс. Арық-атыздар жүргізілмеген аумақтарды тексеріп, шұғыл шараларды қолдану керек. Бұл жұмыстарға аппарат қызметкерлері де атсалысып, күнделікті мониторинг жүргізілсін» - деді қала әкімі.
Қала басшысы төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне арнайы техникалардың дайындығын пысықтап, тиісті шараларды шұғыл жүзеге асыруға сақадай сай болуды тапсырды. Қаланың қауіпті аймақтарындағы су тасқынына қарсы жұмыстарды тікелей бақылауға алған Мұрат Дүйсенбекұлы ең алдымен, мердігер мекемелердің жұмысын қадағалауды ескертті.