«Наурыз Шымкенттен басталады» думанды мерекеде «Үздік киіз үй» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Өңірлер арасындағы сайыста киіз үйлердің жабдықталуы мен жасақталуы, ондағы қойылған ұлттық тағамдарға мәдениет қайраткерлерінен құралған комиссия мүшелері баға берді.
Комиссия құрамында – Құралай Сәтмұқанбаетова, Еркін Шымырқұлов, Бекболат Құрманқожаев, Қалтөре Жұмағулов, Захариддин Қыстаубаев және білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиевалар бар. Әр өңір комсссия мүшелеріне өзінің ерекшелігі, тарихы, туристік әлеуеті, экономикалық дамуы, салт-дәстүрін бірі ән арқылы, бірі қара сөзбен таныстырды.
–Таңдау өте қиын болды. Барлығы үздік. Олардың Шымкентке деген ыстық ықыласын жайған дастарханы мен дайындығынан білуге болады. Қатысушылар киіз үйдің жабдықталуын, ыдыс-аяқ, кебеже мен сандықты орналастыру тәртібін, аңшылық құстың орнын бәрін-бәрін көрсеткен. Ұмыт болған әдет-ғұрыпты жаңғыртқандар да аз емес, – деді мәдениет қайраткері, компазитор Құралай Сәтмұқанбетова.
Комиссия мүшелерінің қорытындысымен Абай облысы тіккен киіз үй үздік деп табылды. Жеңімпаз өңірді қала әкімі Мұрат Әйтенов қаржылай сыйлықпен марапаттады.