Шымкент ТЖ департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының ұйымдастыруымен Шымкентте жалпы қалалық сейсможаттығу өткізілді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шымкентте таңертең 4 баллдық жер сілкінісі орын алды. Соның салдарынан «Нұрсәт» шағын ауданындағы № 67 және № 68 көпқабатты үйлерде электр желілерінің тұйықталуынан өрт шығып, тұрғындары сыртқа шыға алмай қалды.
Дәл осы сценарий бойынша өткізілген жаттығу командалық-штабтық машинасының байланыс желісі арқылы өнірлердегі ТЖ департаменттеріне онлайн-режимінде көрсетілді.
Іс-шара барысында сценарий бойынша оқиға орынан төтенше жағдай қызметкерлері азаматтарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Бұл бағытта № 6506 әскери бөлімі мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құрамындағы 30 адам мен 3 техникасы жұмылдырылды.
«Нұрсәт» шағынауданындағы екі үйдің тұрғындары толықтай құтқарылды. Олар баспалдақ арқылы сыртқа шықты, ал жүре алмай қалғандарын құтқарушылар түрлі амалдарды қолданып, қауіпсіз жерге алып шықты. Сондай-ақ аталған шара кезінде азаматтарға үрейге жол бермей сауатты қимылдау жағы үйретілді.
Қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов бекіткен перспективалық жоспарға сәйкес, осы бағытта сейсможаттығулар қаланың барлық шағынаудандарында өткізіледі.