Шымкентте «Жасыл қала» шарасы өтті

Шымкентте «Жасыл қала» шарасы өтті

Шымкентте «Жасыл қала» ағаш отырғызу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat


Игі шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, сонымен бірге бірқатар зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Аталған іс-шараны ұйымдастырушы әрі демеушілік көрсетуші – «Мейірім шуағы» қоғамдық қоры болды. 1000 түп ағаш Шымсити шағын ауданында егілді.

«Мейірім шуағы» қоғамдық қорының жетекшісі Асқар Молдабек:

- Жүз жылдығын ойлаған ағаш егеді деген. Іс-шараның өтуіне ат салысып жатқан азаматтардың барлығы елім деген жанашырлар, қала белсенділері. Барлығымыз қаланың гүлденгенін қалаймыз, - дейді.

Шаһар басшысы қала тіршілігіне бейқам қарамайтын белсенді тұрғындарға өз алғысын жеткізді. Бұдан бөлек, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде қордың атынан медицина мекемесіне ИВЛ аппараттары мен тұрғындарға дәрі-дәрмек, азық-түлік үлестірілгенін де атап өтті.

- Осындай игі бастамаларда үнемі алда жүресіздер. Өзгелерге үлгі болса екен деген тілекпен іс-шараны эстафета ретінде барлық кәсіпкерлерге, қала жанашырларына жолдаймын,- деді Мұрат Әйтенов.

Жалпы, «Мейірім шуағы» қоғамдық қорының мақсаты көпбалалы, жалғызбасты ана, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік және моральды көмек көрсету арқылы олардың қоғамның өзін-өзі қамтыған отбасылар қатарына қосылуына ықпал ету. Бүгінгі таңда балаларды реабилитациялық-түзету, дамыту жұмыстарымен айналысады. Онда қазір тірек-қимыл аппараты бұзылған 120-130 балаға қызмет көрсетіліп жатыр.