Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына үн қосты. Аталған іс-шараны Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен Қазақстан Журналистер Одағының Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырды.
– Мемлекет басшысының Жолдауында елімізде жүзеге асырылатын саяси реформаның негізгі бағыт-бағдары айқындалды. Бұл өзгерістердің барлығы Қазақстанды толыққанды демократиялы мемлекетке айналдыруға бағытталған. Ал, сөз бостандығы мен пікір алуандығы демократияның базалық принцптерінің бірі екенін ескерсек, еркін әрі бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мақсатқа жету мүмкін емес. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда БАҚ туралы заңды қайта қарап, отандық журналистиканы дамыту керектігін айтты. Бүгін Сіздердің осы тақырыптағы ұсыныстарыңыз бен ой-пікірлеріңізді тыңдау үшін бас қосып отырмыз, - деді ҚР Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдыр.
Кездесуде жергілікті ақпарат құралдарының өкілдері мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың тиімділігін арттыру, журналистердің мәртебесін көтеріп, мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру, БАҚ туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ойларын ортаға салды.