ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР ЕКІ АЙҒА ЖУЫҚ РЕАНИМАЦИЯДА ЖАТҚАН ЖҮКТІ ӘЙЕЛДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР ЕКІ АЙҒА ЖУЫҚ РЕАНИМАЦИЯДА ЖАТҚАН ЖҮКТІ ӘЙЕЛДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

2022-жылдың 15-қараша күні Шымкент қаласына қарасты №1 қалалық клиникалық ауруханасына 1992 жылғы ауыр халдегі науқас келіп түскен.

Іштің өткір ауырсынуына шағымданған жүкті әйелді мамандар медициналық тексеруден толықтай өткізіп, гангренозды аппендицитті анықтаған. Оған шұғыл түрде ота жасалады.

-Науқастың ағзасында басқа да ауру белгілері болды. Пациентте аппендициттен бөлек, екі жақты пневмония, тері, бүйрек, бауыр зақымдануы, созылмалы бүйрек аурулары болған. Бұған қоса науқасқа “жүйелі қызыл жегі” (системная красная волчанка) диагнозын қойылған. Ананың да, баланың да өмірін сақтап қалу мақсатында тәулік бойы медициналық көмектер көрсетіп, білікті мамандармен консилиум өткізе отырып, науқасты ИВЛ аппаратына қостық,-дейді дәрігерлер.

Әйелдің 2-қаңтар күні толғағы басталып, ақ халаттылар оны жүктіліктің 24-25 аптасында мерзімінен бұрын босандырып алды.

Дүниеге келген ұл баланың салмағы 685 грамм. Ауыр халдегі сәби қалалық перинаталдық орталықтағы балаларға арналған жансақтау бөліміне ауыстырылып, дәрігерлер шала туған нәрестеге қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде.

Жас ананың жағдайы бүгінде жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Жағдайы бұдан да жақсарса, апта соңына дейін үйіне шығарылады.