Шымкенттік өрт сөндірушілер алдын алу жұмыстарын өткізу барысында қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Құрамында бөлімше командирі Дарын Айтмұратов, аға өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлыбек Аязбаев, азаматтық қорғау старшинасы Ғұламжан Халматбаев, азаматтық қорғау сержанты Досжан Мамыров бар №7 өрт сөндіру бөлімінің мобильді тобы кезекті үгіт-насихат жұмыстарын Маятас тұрғын алабында өткізді. Олар Абай көшесінің тұрғындарына жылыту маусымындағы қауіпсіздікті сақтау, су тасқыны орын алған жағдайдағы іс-қимыл бойынша түсіндіріп жүрген.
Мамандар сол маңдағы кезекті бір үйге кірген бетте газдың иісі шығып жатқанын анықтап, анасы мен балаларынан улану белгілерін байқайды. Ә дегеннен шұғыл іс-әрекетке көшіп, әлгі отбасы мүшелерін таза ауаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Одан кейін газ мамандары мен жедел жәрдемге хабар береді. Оқиға орнына келген дәрігерлер бригадасына өрт сөндірушілер үш бүлдіршін мен анасын тапсырды. Медицина мамандары отбасы мүшелерінің бойынан орта деңгейде улану белгілерін анықтаған.
Осылайша өрт сөндірушілердің жедел және кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде бүтін бір жанұяның өмірін ажалдан аман алып қалды.