Тіл мен дәстүр тоғысқан мереке

Тіл мен дәстүр тоғысқан мереке

Бүгін Шымкент қаласындағы Достық үйінде Шешен-ингуш мәдени орталығы «Вайнахтың» ұйымдастыруымен ерекше рухани мәнге ие «Вайнах әйелдері, тілі және мәдениеті күні» атты мерекелік іс-шара өтті.

Бұл күн вайнах халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрі мен ана тілін ұлықтаумен қатар қоғамдағы әйелдің мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды күнге айналды. Мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп, елдегі этносаралық келісім мен халықтар достығын нығайтуға, татулық пен бейбіт өмір құндылықтарын дәріптеуге арналды.

Іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұркен Әлімқұлов, қаладағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері және жастар қатысты.

Мереке қатысушыларын құттықтаған Нұркен Әлімқұлов өз сөзінде Ассамблеяның ел өміріндегі рөлін ерекше атап өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясы халықтар достығы мен келісімді сақтауға негізделген. Әр этностың мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу ел бірлігін нығайтудың жарқын көрінісіне айналып үлгерді. Бүгінгі мереке де осы мейірім мен рухани байлықты ұлықтайтын ерекше күн. Мұндай іс-шаралар ұлттар арасындағы өзара құрмет пен сенімді нығайтып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен толеранттылық қасиеттерін қалыптастырады», деді ол.

Іс-шара барысында вайнах әйелдерінің отбасындағы және қоғамдағы ерекше орнына арналған көріністер, поэзиялық композициялар мен ән-жырлар ұсынылды. Әйел мейірімі мен парасаты, олардың ұлт мәдениетін сақтаудағы рөлі әсерлі көріністер арқылы бейнеленді. Мерекенің айрықша сәтінде вайнах қауымдастығының белсенді мүшелері мен мәдениет жанашырлары «Қазақстанның шешен және ингуштар қауымдастығына 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұл олардың этносаралық бірлік пен мәдениет саласындағы еңбегіне берілген лайықты баға болды.

Кеш барысында «Ламан аз» би ансамблі мен өзге этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары ұлттық ән мен би арқылы көрермен көңілін көтеріп, достық пен ынтымақтың әуенін тербетті. Шешен және ингуш халықтарының ұлттық киімдері, әсем ырғақтары мен отты билері мерекелік кештің сәнін одан әрі жандандырды.

Іс-шара соңында вайнах халқының ежелгі дәстүрлі «Ловзар» биі орындалып, көпшілік бір-бірін құттықтап, шаттыққа бөленді. Бұл би достық пен бірліктің, ортақ қуаныш пен рухани тұтастықтың нышаны ретінде көрініс тапты.

Осындай мәдени іс-шаралар Шымкент қаласындағы түрлі этностардың өзара түсіністігін арттырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты қағидаты «Бірлік пен бейбітшілік – ел тұтастығының тірегі» деген ұстанымның өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»