Жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар – Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған тарихи маңызы бар қадам. Бұл өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа басқару моделін орнықтыруды көздейді. Аталған тұжырымдама билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңа Конституция жобасының әзірленуі қоғамның кең қатысуымен жүзеге асқаны ерекше атап өтерлік. Азаматтар, қоғамдық институттар, саяси партиялар мен кәсіби заңгерлер тарапынан түскен ұсыныстар жан-жақты қаралып, арнайы комиссия отырыстарында ашық әрі мазмұнды талқылаулар өтті. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі. Нәтижесінде дайындалған Ата заң еліміздің ұзақмерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалайды деп сенемін.
Конституциялық реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, әділетті қоғам қалыптастыру және халықтың ел басқару ісіне қатысуын күшейту. Парламенттің рөлінің артуы, Үкіметтің есептілігінің күшеюі саяси жүйенің жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік шешімдердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар Сенат Бюросының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды алдағы отырыста қарау жөнінде қаулы қабылдауы да уақыт талабынан туындаған маңызды шешім деп білемін. Бұл заң мәдениет саласын жаңғыртуға, шығармашылық әлеуетті экономиканың дербес әрі маңызды секторына айналдыруға бағытталған. Креативті индустрияны дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастардың өзін-өзі жүзеге асыруына және ұлттық мәдениеттің жаһандық деңгейде танылуына жол ашады.
Сондай-ақ Мәжіліс қабылдаған заңдардың Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп, жүйелі түрде қаралуы заң шығару үдерісінің сапасын арттырып, қабылданатын шешімдердің жан-жақты сарапталуын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, қолға алынған реформалар мен заңнамалық бастамалар Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл өзгерістер ел болашағы үшін жауапкершілікті терең сезінетін, әділетті әрі тұрақты мемлекет құру жолындағы нақты істер деп бағалаймын.
Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері