​ЖАСТАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ ҮЙРЕНУДЕ

​ЖАСТАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ ҮЙРЕНУДЕ

«Біздің әрқайсымыз қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуымыз керек. Тазалық – тәртіп пен мәдениеттің көрінісі. «Таза Қазақстан» науқаны – тек сенбілік шара емес, бұл – ел болашағына деген жауапкершілік», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Осы орайда Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен Абай саябағында жастардың тазалық мәдениетін қалыптастыруға арналған кездесу өтті. Іс-шара «TazaLike» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Данара Саранова, «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының міндетін уақытша атқарушы Аружан Русланқызы және «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владислав Голярко қатысты. Спикерлер ерікті жастарға қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық белсенділіктің рөлі туралы өз ойын жеткізді.

– Экология – бұл болашаққа инвестиция. Қоршаған ортаның бүгінгі жағдайы – ертеңгі ұрпақтың өмір сүру сапасын анықтайды. Біз жастарға тек тазалықты сақтау емес, оны күнделікті өмір салтына айналдыру қажеттігін түсіндіруіміз керек, – деді Аружан Русланқызы.

Сондай-ақ, Аружан Русланқызының айтуынша қалада науқан басталғалы 3000-нан астам еріктінің көмегімен 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылған.

Ал «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владислав Голярко экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, тек мемлекеттік емес, азаматтық қоғамның да ортақ міндеті екенін атап өтті. Владиславөзі эко бірлестік жетекшісі. Жастарға қоқысты сұрыптаудың маңыздылығын түсіндіріп, оның қоршаған ортаға тигізетін оң әсері жайлы әңгімеледі. Ол сұрыптау арқылы табиғи ресурстарды үнемдеуге, қоршаған ортаның ластануын азайтуға және қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруға болатынын нақты мысалдармен жеткізді.

Өз кезегінде Данара Саранова да белсенді жастардың үлгі көрсету арқылы өз қатарластары арасында жаңа экологиялық сана қалыптастыра алатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында еріктілер де өз пікірлерімен бөлісті.

– Тазалық әр адамнан басталады. Біз, жастар, қоғамға әсер ете аламыз. Тіпті, кішкентай үлесіміз – үлкен өзгеріске әкелуі мүмкін. Бүгінгі кездесуден көп мотивация алдым, – деді Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 2 курс студенті Камола Мұратжанова.

Алда қатысушылар Абай саябағы аумағында сенбілікке шығып, экологиялық акцияға тағы да үлесін қоспақ. Бұл – жастардың сөзбен емес, іспен үлгі болуға ұмтылысының дәлелі.

“Шымкент келбеті”