Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен елжандылыққа үндейтін тағылымды кездесу өтті. Кездесу ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай "Мерейлі 30 күн" жобасы аясында ұйымдастырылды. «Қазақстандық патриотизм – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбын арқау еткен шарада жас буынның бойына Отанға деген сүйіспеншілікті ұялату, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қоғам өміріне белсенді қатысуға ынталандыру көзделді.
Жиынның арнайы қонағы – қоғам белсендісі, Шымкент қаласы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер-Аманат» кеңесінің төрайымы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі, «Экономикалық даму және кәсіпкерлікті қолдау» кеңесінің төраға орынбасары, Іскер әйелдер қауымдастығы мен Әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлайым Аскерқызы Шунгараева жастарға тағылымды әңгіме өрбітті.
-Патриотизм – ұран емес, өмірлік ұстаным. Отанды сүю – оны қорғаудан, дамытуға үлес қосудан және айналаңдағы адамдарға мейірім мен қамқорлық танытудан басталады. Әрқайсымыз туған жеріміздің гүлденуіне жауаптымыз. Жастар – ел ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің қозғаушы күші. Сондықтан сіздердің әр бастамаңыз, әр еңбегіңіз – болашағымыздың кепілі, – деп атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар еркін пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Жастар өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі спикерден нақты кеңестер алды.
Шара соңында қатысушылар патриотизмнің тек әскери борышпен шектелмейтініне, оның ең бастысы – ел дамуына адал қызмет ету мен қоғамда өз орнын таба білуде екенін түйді.
“Шымкент келбеті”