Жазушы: Бүгінгі бала – ертеңгі халық, бүгінгі бала – ертеңгі мемлекет

Жазушы: Бүгінгі бала – ертеңгі халық, бүгінгі бала – ертеңгі мемлекет

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов әдебиет – тәрбие институтының негізгі құралы екендігін алға тартты, деп хабарлайды Shymkentaqparat


«Биыл әдебиет жылы болайын деп тұр – Жамбыл атамыздың 175 жылдығы, Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығы. Мұның бәрі айналып келгенде қазақ әдебиеттің мерейтойы. Демек, биыл әдебиетке мықтап ден қойған абзалырақ. Балалардың кітап оқуын дамыту – бұл әдебиетті дамыту деген сөз. Сондай-ақ, жазушыларға қолдау көрсетіп, мүмкіндіктерін де ашады. Бәріміз бала кезімізден кітап оқып өстік. Мысалы, мен ең алғаш рет оқыған Тұрсынбаевтың «Қуыршақ» деген кітабын өмір бақи ұмытпаймын», - деді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен бірге Ұлықбек ақын қазақ әдебиетінде комикс саласы кенже қалып келе жатқандығын, алдағы уақытта балалар әдебиетін дамыту бағытында дәстүрлі конкурс ұйымдастыру қажеттілігін атап өтті.

Ал атақты жыршы, жазушы Баянғали Әлімжанов биыл балалар мен жасөспірімдер әдебиеті қолдау тауып жатқаны қуантатынын жасырмады.

«Мұны ертерек қолға алу керек еді. Бұл бір ғана жылдың шаруасы емес, өмір бойы жүретін дүние. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі халық, бүгінгі бала – ертеңгі мемлекет. Бүгінгі балаң қандай болса, ертеңгі ұлтың сондай болады. Демек біз балаларды әдебиет, көркемсөз арқылы тәрбиелеу деген мәселеге үлкен маңыз беріп қарауымыз керек. Себебі қазіргі балалар тест деген «бәлемен» өсіп жатыр. Ойлау, сөйлеу жүйесі бұзылды. Бұл бәріміз көріп отырған шындық. Демек балаларды көркемсөз арқылы ойнап жүріп ойлауға, сөйлеуге үйретуіміз керек. Бұл тегін мәселе емес», - деді Баянғали мырза.

Айта кетейік, бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу белсенділігі мен кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпыұлттық акциясын өткізуді ұсынған болатын