​ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ ҚАЙЫРҒАЛИ МЕДЕТТІ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

​ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ ҚАЙЫРҒАЛИ МЕДЕТТІ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

ЖАЗУШЫ, ЖУРНАЛИСТ ҚАЙЫРҒАЛИ МЕДЕТТІ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында рухани кеш өтті. Шымкенттің шығармашылық қауымы Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Қайырғали Медетті еске алып, оның еңбегін, азаматтық тұлғасын, рухани мұрасын тағы бір мәрте саралады. Бұл кеш – жай ғана еске алу жиыны емес, жүрекке жылу берер естеліктер тоғысқан, шынайы құрмет пен сағыныштан туған әдеби басқосу болды.

Қайырғали Медет – қаламына адал, сөзіне берік болды. Ол өмірін журналистика мен әдебиетке арнады, ақиқатты жазды, халықтың мұң-мұқтажын қағаз бетіне түсірді. Оның әр мақаласы, әр әңгімесі – өмірдің айнасы іспетті, қарапайым адам тағдыры, қоғамның тыныс-тіршілігі, ұлттық болмыс көрініс тапқан дүниелер. Сондықтан да болар, кеш барысында әріптестері, ақын-жазушылар мен шәкірттері жазушы жайлы жүрекжарды сырларын айтып, оның биік адамгершілігін, азаматтық болмысын ерекше ілтипатпен еске алды.

Сонымен қатар, бұл кеште Қайырғали Медеттің екі бірдей кітабының тұсаукесері өтті – "Өмірімнің өзегі" және "Шалқалап туған ай". Бұл жинақтарда оның соңғы жылдары жазған әңгімелері мен өлеңдері топтастырылған. Бұл туындылар – жазушының көзі тірісінде қалам тербеген соңғы сәттері, жан дүниесінен сыр шертетін көркем естеліктер жинақталыпты. Әдебиетсүйер қауым бұл еңбектерді ерекше ықыласпен қабылдады.

Рухани кеш барысында біреулер оны ұстаз, біреулер әріптес, енді біреулер ағалық қамқорлық көрсеткен жан ретінде еске алды. Әр айтылған сөздің артында жазушыға деген терең құрмет пен сағыныш тұрды.

– Қайырғали Медеттің есімі қазақ журналистикасында алар орны ерекше. Ол қаланың бас басылымы саналатын «Шымкент келбеті» газетінің беделін арттырып, жаңа деңгейге көтерген тұлға. Бас редактор болған жылдары газет тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, қоғамның шынайы үнін жеткізетін беделді басылымға айналды. Оның қызметке адалдығы, әділдік пен ақиқатты ту етуі – осы жетістіктердің басты себептері еді.

Қайырғали аға тек өзі жазып қоймай, болашақ журналистерді тәрбиелеуге де ерекше көңіл бөлді. Ол қасына журналистиканы жан-тәнімен сүйетін, қаламы қарымды жастарды жинады. Бүгінде танымал журналистер Шадияр Молдабек, Оралдан Дәуіт, Бейсенбай Тәжібаев сол кездері ағаның шәкірті болған. Бұл есімдер бүгінде қазақ журналистикасында өзіндік орны бар азаматтар. Демек, Қайырғали Медет тек мықты қаламгер ғана емес, үлкен мектеп қалыптастырған ұстаз да болды, – деді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай.

Рас, Қайырғали ағаның басшылығымен "Шымкент келбеті" оқырмандар сеніміне ие болып, қоғамның өзекті мәселелерін бүкпесіз көтеретін, халық пен билік арасындағы көпірге айналды. Ол кісінің журналистикаға деген адалдығы, жазуға деген шынайылығы шәкірттеріне үлгі болды.

Оның қаламынан туған дүниелерде, жазған әрбір мақаланың, әрбір шығарманың астарында халыққа деген махаббат, әділеттілікке деген сенім жатыр. Бүгінгі әдебиетсүйер қауым оның осы еңбектерін ұлықтап, рухына тағзым етті.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

“Шымкент келбеті”