Шымкентте тұрғындарды әлеуметтік қорғау бағыты бойынша жыл басынан бері 16 мыңнан астам тұрғын еліміздің түрлі шипажайларында емделді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Жолдама алғандардың 11 516-сы зейнет жасындағы егде азаматтар болса, 4 994-і мүгедек жандар болды. Бұл туралы Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдеді.
Айта кетейік, жолдамалар кезектегі азаматтарға шілдеден бастап таратыла бастады. Сондай-ақ, жүріп-тұруы қиын жандарға әлеуметтік қорғау бойынша қызмет көрсетілді. Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылы мүгедектерді тасымалдау үшін арнайы жабдықталған 18 «Инватакси» көлігіне 451 өтінім қабылданды. Ал, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын 1-2-ші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға жеткізу үшін «Әлеуметтік таксидің» 43 автокөлігі қызмет көрсетуде.
Жалпы, шипажайларда ем қабылдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін бұл көмек, мүгедектерге, мүгедек балалар жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан азаматтарға, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына беріледі. Шипажайға кезекке тұру жыл бойы жүргізіледі.