АЛИМЕНТ: ҚАРЫЗ БА, ПАРЫЗ БА?

АЛИМЕНТ: ҚАРЫЗ БА, ПАРЫЗ БА?

Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының Мейржан Исабеков пен Шымкент қаласы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Ажар Сартбаеваның қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз брифингі өтті.

Брифинг барысында Шымкент қаласы бойынша сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау саласымен атқарылған жұмыстар және статистикалық мәліметтері жайында айтылды. Мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың орындауындағы түрлі сипаттағы атқарушылық өндірілуге жататын жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 152 жеке және 9 мемлекеттік сот орындаушы қызметтерін атқаруда. Биылғы жылдың 1 жартыжылдығында олардың орындауында болған 457 617 атқарушылық құжат бойынша 563 млрд. 639 млн. теңгеден астам сома өндірілуге жататын болса, оның ішінен 110 171 құжат өндірісі 81 млрд. теңгеден астам сомаға аяқталған, 69 220 өндірістің талаптары нақты орындалып, 7,7 млрд. теңгеден астамы өндірілді.

Заңнамада мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттері нақты белгіленгендіктен, өндірістердің басым бөлігі – 99 пайызы – жеке сот орындаушыларының орындауына түскен.

Алимент мәселесі ажырасқандардың бас ауруына айналғалы қашан. Алимент өндіру санаттағы өндірістердің әлеуметтік маңыздылығы жоғары болғандықтан борышкерден алимент өндіруде сот орындаушыларына қатысты жауапкершілік күшейтілген.

– Жыл басынан алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларға 15 921 іс түсіп, 1 494-сі бойынша өндірістер аяқталған, 13 777 құжат әлі істе.

Айта кетерлігі, қаламызда осы санаттағы істермен айналысатын 5 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде. Орындау барысындағы істердің ішінен 50 пайызы, яғни, 5 124 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр. Сонымен қатар, үш айдан асатын мерзім ішінде өндірілмей жатқан «проблемалы» алименттік өндірістердің саны 710. Осы төлемдердің ұзақ мерзімде өндірілмеудің негізгі себептерінің бірі- борышкердің тұрғылықты мекенжайының анықталмауы, яғни, борышкерлердің іздеуде болуы, – дейді Ажар Сартбаева.

Алимент өндіру оңай жұмыс емес. Борышкерлермен жұмыс істеуде сот орындаушыларға шыдамдылық пен төзімділік қажет. Өйткені алимент төлегісі келмейтіндердің айласы көп. Жалпы сот орындаушыларының істері бойынша 159 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде алимент төлеуден қашқандары – 82 азамат. Сондай-ақ, алимент бойынша 32 борышкерге қатысты 5 тәулікке дейін қамаққа алу шарасы қолданылса, 50-не – 5 АЕК мөлшерінде (17 250 теңге) айыппұл салынған.

Сот орындаушылары мен жұмыспен қамту орталығының бірлескен шаралары нәтижесінде 241 алимент төлеуші жұмысқа орналастырылып, алиментті жалақаларынан өндіруге мүмкіндік пайда болған.

Өкінішке орай, кейбір азаматтар ұсынылған жұмысқа тұрмай, алиментті төлеуден жалтаруды жалғастырған фактілері де орын алған.

– Алимент бойынша әрекетсіздік танытып, заңнамамен белгіленген мәжбүрлеп өндіру амалдарын уақытылы қолданбайтын сот орындаушыларына қатысты да жауапкершілік күшейтілгендігін ескеру қажет. Атап айтқанда, егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайда әділет органдарының талап арызы негізінде лицензиясынан айырылуға жатады. Осы негіздермен сотқа енгізілген талап қою арыз бойынша осы жылы 3 жеке сот орындаушысы лицензияларынан айырылды, – дейді Ажар Жолшыбекқызы.

«Шымкент келбеті»