«Ashyq» жобасына қатыспайтын мекемелердің жұмысы тоқтайды

«Ashyq» жобасына қатыспайтын мекемелердің жұмысы тоқтайды

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК елдегі тәуліктік сырқаттанушылықтың 65%-ын және тәуліктік өлім-жітім жағдайларының 55%-ын құрайтын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Аталған өңірлерде осы жылдың 2 тамызынан бастап мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:

–орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, «Ashyq» жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру;

–ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;

–мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда).

Сонымен бірге Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қалаларымен (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағандымен (Теміртау, Шахтинск, Абай) шекаралас аудандарында карантин шараларын күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.

Фото: Ашық дереккөз