Жыл сайын бүкіл әлем бойынша аутизмге шалдыққан балалар саны 15-20 пайызға артып барады. Ерекше балалардың өзекті мәселелері Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың АРДА "Аутизмі бар балалардың ата-аналар Альянсы" қоғамдық қорының мүшелерімен кездесуі барысында талқыланды. Жиынға қалалық денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, білім басқармаларының жауапты қызметкерлері қатысты.
«Бұл азаматтардың ата-ана ретінде бауыр еті баласы үшін тартқан қиындықтары өте ауыр. Ешбір адам алда қандай мәселеге тап боларын, қай жерде, қалай сүрінерін білмейді. Сондықтан ерекше назардағы әр балаға өз баламыздай жанымыз ашып, олардың мәселесін өз проблемамыздай қарауымыз қажет», - деді Ерғали Білісбеков.
Кездесуде аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс жүргізетін мамандардың тапшылығы, олардың біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Қоғамдық қор белсенділері сондай-ақ, ерекше балаларымен өздері жеке айналысатын орталық ашулары үшін ғимарат сұрайды. Айтуларынша бұл балаларға оңалту және аутизм орталықтарында бөлінетін уақыт мөлшері де жеткіліксіз."Оңалту орталықтарында ем қабылдау үшін ұзақ уақыт бойы кезек күтуге мәжбүрміз" - дейді олар.
Сала мамандарының айтуынша, аутизммен ауыратын балаларға елімізде ерекше көңіл бөлінген. Оларға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен «Болашақ»,«Әділ Бұлақ» және осыдан 3 жыл бұрын ашылған «Асыл Мирас» аутизм-орталығында оңалту шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл 110 орынға есептелген аутизм орталығын ашу жоспарлануда.
Қалалық білім беру мекемелерінде аутизм диагнозы бар балаларға арналған 5 психологиялық түзету кабинеттерінде дефектолог, психолог және олигрофенопедагог мамандары да тегін қызмет көрсетеді.
Мектептерде инклюзивтік білім беру кабинеттері және 1 ресурстық орталығы ашылған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға 47 ассистент ұстаз қолдау көрсетеді. Жиында көтерілген өзекті мәселелер алдағы уақытта бақылауға алынып, шешімін табу жолдары қарастырылатын болады. Тараптар осы мақсатта үш ай сайын бас қосуға келісті.