Кеше Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінің кешенінде бокстан жастар арасындағы Қазақстан біріншілігінің жалауы желбіреді. Республикалық бокс федерациясы мен Алматы қалалық спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырып жатқан бәсекеде үшінші мегаполистен 14 боксшы бақ сынауда, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Атап айтқанда: Севдиер Нышанбаев (49 келі), Жандос Жұмабаев (52 келі), Асылбек Абдижаппар (56 келі), Ерасыл Абиллда (56 келі), Асылбек Найзабек (60 келі), Сордор Паизиллаханов (60 келі), Абзал Серік (64 келі), Нұрлыбек Узембаев (64 келі) Бекарыс Темірбай (69 келі), Алмат Сейтмахан (69 келі), Бекжан Балтабай (69 келі), Абай Татаров (75 келі), Даурен Мамыр (81 келі) және Арон Ануарбек (+91 келі) құрама сапында бар.
Еліміздің әр өңірінен жиналған шаршы алаң шеберлері бірнеше күн бойы жұдырықтасып, 46 келі, 49 келі, 52 келі, 56 келі, 60 келі, 64 келі, 69 келі, 75 келі, 81 келі, 91 келі және +91 келі салмақ дәрежелерінің жүлделерін сарапқа салады.
Айта кетейік, Алматыдағы ел біріншілігінде қолғап түйістіруде көзге түскен спортшылар 10-24 сәуір аралығында Польшаның Кельц қаласында өтетін әлем біріншілігіне тікелей жолдама алады.