Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталды. Декларациялаудың бұл түрі «көлеңкелі экономика» мен сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін тиімді бақылау болып табылады. Бұған дейін декларациялаудың І-ІІ кезеңдері жүзеге асырылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс. Сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды.
Бұл жайында Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қадыржан Панбаев тарқатып айтты.
–Шымкент қаласында 114 707 кәсіпкер мен олардың жұбайы бар. Заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және олардың жұбайлары – 29 262. Жалпыға бірдей декларациялау «әрекетсіз» мәртебесі бар, атап айтқанда бизнесі тоқтап тұрған нысан иелері мен олардың жұбайына да қатысты. Қазір қалада сондай мәртебеде 10 715 тұлға бар. Оның 3 923-і –жеке кәсіпкер, 6 792-сі – заңды тұлға. Сонымен қатар, декларацияны тапсыруға міндетті емес тұлғалар да бар. Олар Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес, компанияның өзге қаладағы филиалдары мен өкілдіктер заңды тұлға болып табылмайтындықтан оларға декларация тапсыру міндеттелмейді. Жеке практикамен айналысатын адвокаттар мен нотариустер де ұсынбайды, – деді Қадыржан Әбдіхалықұлы.
Декларацияны тапсырушылар осы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша есеп ұсынады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyq.kz) немесе e-Salyq Azamat, eGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.
–Бұл ретте ҚР уәкілетті органдарында тіркелген жылжымайтын мүлік пен көлік құралдары туралы мәліметті декларацияда көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені, бұл мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарында бар. №250.00 «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияда ел ішіндегі және шет елдегі жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, шет елде құрылған компаниялардың жарғылық капиталына қатысу үлесін, шетел банкіндегі барлық салым бойынша 1000 АЕК-тен (3 450 000 теңге) асатын ақшаны көрсетуі керек. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысындағы үлестік, бағалы қағаздар, цифрлық активтерді, инвестициялық алтынды, зияткерлік меншік пен авторлық құқық нысанын, 10 000 АЕК-ке дейін (34 500 000 теңге), оның ішінде банктегі қолма-қол ақшаны, жеке тұлғаның нотариалды куәландырылған қарыз шарттарын да көрсету міндетті. Қалауы бойынша құны 1000 АЕК-ден асатын кез-келген мүлікті, бағалы заттарды, антиквариатты, биологиялық активтерді (асыл тұқымды жылқы, ит, құстар және сол секілді экзотикалық жануарлар) көрсетуге болады. Бірақ мұндай мүлікті 2023 жылдың 31 желтоқсанға дейін бағалау қажет, – деді ол.
2024 жылы 250.00-нысанды ұсынғаннан кейін, 2025 жылдан бастап бұл тұлғалар жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысанда) ұсынуы тиіс. Яғни, бірер мүлік сатып алған жағдайда декларацияда оған қаржы қайдан келгенін де нақтылайды. Декларацияны уақытылы ұсынбағаны үшін алғашында ескерту қарастырылған, ал бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын да естен шығармау керек.