Қаламызда COVID-19-ға қарсы вакциналаудың қарқынды жүруіне байланысты Shymkentaqparat тілшісі «Mediker» емханасы бас дәрігерінің орынбасарымен сұхбаттасты. Айна Тасбулатова тұрғындар тарапынан жиі қойылатын ең өзекті сұрақтарға жауап берді.
«Mediker» емханасында бүгінгі күнге дейін қанша адам вакцина салдырды?
–Бүгінгі күнге дейін емханамызда 1250 адам Sputnik V вакцинасының І-ші компанентін салдырып үлгерді. Ертеңнен бастап 50 адамға ІІ-ші компанент салынады. Бүгін таңертеңнен бері 80 адам COVID-19-ға қарсы екпе алды.
Вакцина салдыру үшін адамдар тек өзінің тіркелген емханасына баруы тиіс пе?
–Жоқ, вакцинаны адам кез-келген өзіне ыңғайлы болған емханадан салдыра алады. Тек тіркелген емханасынан деген қатып қалған қағида жоқ. Тіпті басқа қаладан келген қонақтар да бізде вакцина ала алады. Тек бір ескеретін жайт, адам І компанентті қай жерде салдырса, ІІ компанентті де сол емханадан алуы керек.
Вакцинадан кейін 6 айға дейін жүктілікті жоспарлауға болмайды деп жатады. Осы түсінік қаншалықты дұрыс?
–Әйелдерге І компанентті салдырғаннан кейін жүктілікті жоспарлауға болмайды. Араға 21 күн салып, ІІ компанентті алғаннан соң бала көтеруге болады. Вакцина жүктілікке шектеу бола алмайды.
Созылмалы аурулардың нақты қандай түрлерімен ауыратын адамдарға вакцина салдыруға болмайды?
–Барлық созылмалы аурулардың өршіп тұрған сатысында, мәселен туберкулез немесе қант диабеті секілді аурулармен сырқаттанып, ем қабылдап жүрген адамдарға екпе салдыруға болмайды. Ал ЖИТС (СПИД) ауруымен ауыратын адамдар тек дәрігері рұқсат етсе ғана екпе салдыруы керек. Созылмалы ауруы бар, бірақ бірқалыпты жағдайда жүрген, ешқандай қарсы көрсетілімі жоқ адамдарға екпе алуға болады.
Вакцина салдырып келген соң ыстығы көтерілген адамдар не істеуі керек?
–Вакцина салдырғаннан кейін кішкене ауырсыну болуы қалыпты жағдай. Ыстығы көтерілген кезде дәрігердің рұқсатымен Парацетамол немесе Ибуфен дәрілерін ішуге болады. Екпенің орнына 3 күнге дейін су тигізбеу керек.
Вакцина салдырамын немесе салдырмаймын деп екіойлы болып жүрген тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
–Вакцинадан қорқудың ешқандай қажеті жоқ. Ол тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде жүріп жатқан процесс. Біз тек осы жол арқылы ғана қауіпті індетті жеңе аламыз. Қалыпты өмірге ертерек оралуды ойласақ бәріміз екпе салдыруымыз керек. Өз денсаулығымыз тек өзімізге ғана байланысты екенін ұмытпаған жөн.