Мемлекеттік кірістер комитеті «E-Salyq Business» мобильді қосымшасын іске қосты. Қосымшаны App Store, Play Market және App Gallery-ден жүктеуге болады. Бүгінгі таңда қосымшаны 27 мыңнан астам кәсіпкер пайдалануда.
Сала мамандарының айтуынша, жаңа мобильді қосымша бірқатар салық рәсімдерін жеңілдеткен.
Атап айтқанда:
1) жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге;
2) кассалық чектің орнына мобильді қосымшаның чегін беруге;
3) қосымшада берілген чектер негізінде кәсіпкердің кіріс есебін жүргізуге;
4) салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге;
5) жалдамалы қызметкерлердің және олардың табыстарының есебін жүргізуге;
6) оңайлатылған декларацияны тапсыруға (910.00 нысан);
7) кәсіпкерлік қызметті оңайлатылған тәртіпте тоқтатуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, «E-Salyq Business»-те ыңғайлы сервистер әзірленуде. Олардың көмегімен салық органдарының жіберген хабарламасын алуға; бір төлем құжатымен бірнеше салықты төлеуге; артық не қате төленген салықтарды алдағы салықтар есебіне жатқызуға немесе қайтарып алуға болады. Сондай-ақ, бірқатар анықтамаларды да алу мүмкіндігі бар.
Салық төлеушілер үшін қолжетімді жаңа жүйені алдағы уақытта фермерлер мен шаруа қожалықтарына да ыңғайлы ету жолдары қарастырылуда, дейді мамандар.