Бүгін Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Тамара Босымбекқызы ең алдымен қала активімен кездесу өткізді. Онда 1-ші шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің басты нормалары жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізді.
Онда «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы өтініштер қабылдайтын бірыңғай арна іске қосылатындығы айтылды. Енді Президент Әкімшілігіне ел азаматтарынан келіп түскен қандай да бір өтініші экектронды тіркеуге алынады. Тіпті, «Қазпоштамен» қағаз жүзінде жолданған өтініштердің өзі цифрлық форматқа ауыстырылады. Осылайша «Е-Өтініш» жүйесі өтініштерді қараудың бүкіл тарихы сақталатын біртұтас базаға айналады. Бұл барлық мемлекеттік және сот органдарына, сонымен қатар өтініш берушілерге қолжетімді жүйе болады.
Бұдан былай мемлекеттік органдар өтініштерді бұрынғы қабылданған шешімдер мен берілген жауаптарды ескере отырып қарайды. Мұнымен қоса әрбір қаралған арыз-өтінішке мемлекеттік органда әкімшілік іс ашылады. Оның талаптары мен шарттары аталған Кодексте нақты көрсетілген. Мәселен, егер арыз иесінің талабы қанағаттандырылмайтын болса, онда мемлекеттік орган міндетті түрде арызданушы қабылдап, оған түсініктеме береді. Арыз иесі берілген жауапқа қанағаттанбаса, мемлекеттік органның немесе мемлекеттік қызметкердің үстінен сотқа шағымдануға толық ҚҰҚЫЛЫ.
Бастысы жаңа Кодексте мемлекеттік органның азаматтар алдындағы жауапкершілігі күшейтіліп отыр.
Активте сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов қазіргі таңда Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарымен жоспарға сәйкес 798 қызметкер жүйеге енгізілгенін атап өтті.
Мұнан кейін Т.Дүйсенова «Көрме» орталығында қоғамдық ұйым мен зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесін енгізудің өзектігілі мен маңыздылығын, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жұмысын кеңінен түсіндірді.