Шымкент қаласындағы 33 медициналық мекемеде QR-код жүйесі іске қосылды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Жаңа технология арқылы дәрігерлер жайлы деректер, жұмыс кестесі, еңбек өтілі және науқастардың пікірін білуге мүмкіндік бар. Бұл бағдарлама уақытты үнемдеуге, қашықтан құжат алмасуға, жұмысты автоматтандыруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар QR-код қосымшасы арқылы науқастар дәрігердің қабылдауына жазылып, медицина маманын үйіне шақыртуына болады. Ең маңыздысы – ұсыныстар, арыз-шағым мен талаптар қалдыруға да жағдай жасалған.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жаңа жобаны қаладағы барлық мемлекеттік медициналық мекемеде іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, пилоттық жоба ретінде қалалық №5 және №3 емхана 2021 жылдың басынан бастап «Ақылды емхана» жүйесіне көшеді.