Қалада балаларды іскерлікке баулу конференциясы өтті

Қалада балаларды іскерлікке баулу конференциясы өтті

Үшінші мегаполисте ата-аналар мен балаларға арналған отбасылық конференция ұйымдастырылды. Іс-шара оқушыларды іскерлік пен кәсіпкерлікке, қаржылық сауаттылыққа үйретуге арналған. Халықаралық Алияр – Ucmas акадамиясы қолға алған жиынға қалалық Азаматтық альянс жетекшісі Жұмағали Білісбеков, кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен іскер ханымдар, белсенді жастар ұйымының өкілдері де қатысты.

Жұмағали Дәулетбекұлы білім берудегі ұрпақтар сабақтастығының орнына тоқталып, қазіргі таңда жастардың жан-жақты дамып, заман көшімен бірге қадам басуының маңызды екенін айтты.

Бұдан кейін мектеп оқушылары бірнеше топқа бөлініп, еріктілердің жетекшілігімен түрлі шеберлік сабақтарына қатысты. Жастар онда уақытты тиімді пайдалану, шешендік өнер, жобаларды сәтті басқару, сәтсіздіктермен күрес, қаржылық сауаттылық сияқты секцияларда жұмыс істеді.

– Біз Шымкентте Қазақстандағы ең алғашқы Business Kids халықаралық балалар академиясын ашып отырмыз. Мұнда жалпы біліммен қоса оқушыларға халықаралық стандартқа сай бизнес дәрістері өтеді. Бізге келген әр бала кәсіпкерлік дағдыларын меңгереді, көпшілік алдында сөйлеуді, жобалар жазуды, оларды қорғауды үйренеді. Академияға 9-17 жас аралығындағы оқушылар қабылданады. Әр деңгейді меңгерген сайын сертификат беріліп отырады, – дейді Халықаралық Алияр – Ucmas акадамиясының директоры Гүлнара Каримова.

Отбасылық конференцияға жалпы саны 200-ге жуық оқушы мен ата-ана қатысты. Олар халықаралық спикерлермен бірге қаржы саласындағы түрлі кейстерді талқылады.