Қазақстан мен Испания мамандары бірігіп фильм түсіріп жатыр

Қазақстан мен Испания мамандары бірігіп фильм түсіріп жатыр

Қазақстандық кинематографтар шетелдік әріптестерімен бірлескен 3 жобаны қолға алды, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді.

- Шетелдік және халықаралық кинокомпаниялар біздің еліміздің кино нарығына қызығушылық танытуда. Бұл ретте, қазіргі таңда «Спасение в степи» (Қазақстан – Испания), «Өліара» (Қазақстан – Венгрия), «Көкбозат» (Қазақстан – Ресей) бірлесіп шығарылатын киножобалар өндірісте екенін атап өтеміз. Айта кету керек, бұл мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға үмітті болған көптеген бірлескен өндіріс киножобаларының ішіндегі ең үздіктері болып табылады, - деді вице-министр.

Сондай-ақ, Нұрғиса Дәуешов киноға бөлген қаражатты игерушілер қалай іріктелетінін түсіндірді.

- Киножобаларды қаржыландыру 2019 жылдың 3 қаңтарында қабылданған «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңынының аясында және мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы 39-бабы 3-тармағы 3) тармақшасына сәйкес, бір көзден алу арқылы игеріледі, - деді Нұрғиса Дәуешов.