Қазақстандық домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Ұлыбританиядағы Golden Time Talent шоуына шақырту алды, - деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қазақ музыканттары Америкада өткен халықаралық байқауда бас жүлде алған болатын. Сол кездегі өнеріне қызыққан шоу ұйымдастырушылары олардың әлемдік шоуға шақырған.
Жігіттер өз өнерін видеоға түсіріп жіберген. Олар іріктеудің бірінші кезеңінен сәтті өтті. Енді 23-27 мамыр аралығында Лос-Анджелесте өтетін байқаудың өзіне барып өнер көрсетеді.
Байқау финалында домбырашылар Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиевтің танымал шығармаларынан, сондай-ақ заманауи композиторлар мен өз күйлерінен попурри ойнауды жоспарлап отыр.
- Америка үшін домбыраның дыбысы - экзотика. Онда ұлттық аспабымыз ойналғанда барлығы керемет күйде болады, - дейді дуэт қатысушысы Темірлан Олжабай.
Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүргенде танысқан. Ұжым 2017 жылы құрылған. Айта кетейік, сол кезде олар Димаш Құдайбергенмен бірге I'm a Singer байқауына Қытайға барған еді. Бүгінде музыканттар Түркия, Израиль мен Еуропа қалаларында өнер көрсетіп үлгерген.