Шымкентте «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында аудан әкімдіктері мен әлеуметтік және құрылыс саласының мамандары қоғамдық орындардағы пандустардың мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлылығын тексерді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, 2021 жылы 259 нысанды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайына қарай бейімдеу жоспарланып, 200 нысанғатүсіндірме жұмысын жүргізілді. Талапқа сәйкес келмегендерге ескерту берілді.
Кедергісіз орта жасақтауда мүмкіндігі шектелген жандардың ұсыныс-тілектері ескеріледі. Мүгедектерге арналған авто тұрақ, пандустар, дыбыстық шақырту кнопкалар, тактильді плиткалар, мүгедектерге арналған санитарлық бөлмелер болуы тиіс.
Қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуына және әлеуметтік, құқықтық көмек көрсететін «Тең қоғам» секторы жұмыс істейді. Бұл сектор «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» Шымкент қаласының жол картасы аясында құрылған.
Айта кетсек, аталған сектор бүгінге дейін 473 мүгедектігі бар азаматты қабылдап, 192 мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсеткен.