Алексей Цой коронавирусқа байланысты жаңа болжамын жасады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бүгінде Қазақстанда Covid-19-дың оң нәтижесімен 292 250, теріс нәтижесімен 51 890 науқас тіркелді. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, республика соңғы 22 күн бойы «қызыл» аймақта тұр. Сонымен қатар 8 өңір «қызыл» аймақта. Түркістан мен Қостанай облыстары «жасыл» аймақта, ал қалған өңірлер «сары аймақта тұр.
Цойдың сөзінде осы жылдың наурыз айының соңында эпидемиологиялық ахуал нашарлап, науқастану көрсеткіші 46%-ға дейін артты.
- Денсаулық сақтау министрлігі халықты вакцинамен қамтуды ескере отырып, КВИ-дің таралуының болжамын жаңартып отыр. Оптимистік сценарий бойынша қарайтын болсақ, егер вакцинация кесте бойынша жалғаса берсе, онда тәулігіне 3 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Сосын сәуір айының соңында ең жоғары деңгейге жетеді деп күтіліп отыр. Ал жағдайға нақты қарасақ, вакцинациямен қамту осы қарқында болса, онда тәулігіне дейін 4 мыңға дейін адам жұқтыруы мүмкін. Короновирустың шарықтау шегі мамыр айының ортасына барады деп ойлаймыз, - деді Алексей Цой үкімет отырысында.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша бірінші кезеңде вакцинациядан болатын әсер иммунитетті қалыптастыруға қажетті уақытпен шектеледі. Кейіннен вакцинацияның әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әсер етеді.
20 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 733 980 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.