Бүгін Шымкентте коронавирустан қос өкпесінің 98 пайызы зақымдалған жүкті әйел ауруханадан сауығып шықты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қауіпті инфекция жұқтырған науқас 38 жастағы жүкті әйел 50 күн бойы инфекциялық госпитальде жатқан.
Ол 20 сәуір күні жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген болатын. Бірнеше күннен кейін әйелдің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылады.
Науқастың өкпесі 98 пайызға зақымдануына байланысты республикалық дәрежедегі дәрігерлер консилиум өткізіп, нәтижесінде, науқасты ЭКМО аппаратына қосады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл аппарат ауыр халдегі науқастарды емдеуде нәтиже болмаған жағдайда қолданылады.
Дегенмен, 27 сәуір күні ішіндегі баласының жағдайы ауыр болуына байланысты қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері шұғыл «кесір тілігі» арқылы әйелді босандырып алған. Салмағы 1 кг 900 грамм болып туылған шақалақты қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері медициналық көмек көрсетіп, қамқорлық жасады.
Науқас жаңа босанғаннан кейін 14 күн бойы ЭКМО аппараты арқылы ем жүргізілді. Айта кету керек, осы аппараттың арқасында жаңа босанған әйелдің жағдайы жақсарған.
Індеттен айыққан Жадыра Баймаханова өмірін арашалап қалған Шымкент қаласының бас реаниматологі Батыр Шамамутов, қалалық жұқпалы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер, анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсенгірова, қалалық жүрек орталығының кардиохирургиялық анестезиология-реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Бекжан Перменов, акушер-гинеколог Махашова Анар сынды білікті ақ халаттыларға өз алғысын білдірді.