ҚҰРЫЛЫС БАЗАРЛАРЫ ҚАЛА СЫРТЫНА КӨШІРІЛЕДІ

ҚҰРЫЛЫС БАЗАРЛАРЫ ҚАЛА СЫРТЫНА КӨШІРІЛЕДІ

Заңсыз құрылыс материалдарын сататын орындар қысқа мерзімде қала сыртына көшіріледі. Кәсіпкерлерге кезекті түсіндіру жұмысы Бадам бағытындағы жаңадан ашылған базарда жүргізілді.

«Қала орталығында ауыр құрылыс заттарын сатуға болмайды» деген шектеу енгізілгеніне де алты айдан асты. Сәйкесінше, кәсіпкерлерге қаланың шеткі аудандарынан ашылған жаңа орындарға көшуге жарты жыл уақыт берілді. Алайда бизнес өкілдері жылы орнын ауыстыруға асығар емес. Ал, жауаптылардың өз айтары бар. Мегаполис шаһар күннен-күнге дамып, сәулеті артып келеді. Сондықтан көше бойлары абаттандырылуы керек. Оған құрылыс заттарын сататындардың кәсібі кедергі келтіреді. Ауыр құрылыс заттарын сататындардан өзге темірден түйін түйіп, қақпа жасайтын ұсталар, шлакоблок құйып саудалайтындар да қала сыртына көшуге міндетті. Қаланың бес басты кіреберісіндегі құрылыс сауда орындары арқылы ауыр жүк көліктері де қатаң бақыланады. Олардың шаһарға кіруін шектейтін арнайы белгілер базар маңына қойылды. Кәсіп иелері қала сыртындағы орындарға жақын уақытта көшпесе, айыппұл арқалайды.

«Шымкент келбеті»