КӘСІП БАСТАУҒА НИЕТТІ БЕС МЫҢҒА ЖУЫҚ ШЫМКЕНТТІК ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ

КӘСІП БАСТАУҒА НИЕТТІ БЕС МЫҢҒА ЖУЫҚ ШЫМКЕНТТІК ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ

Шымкент қаласында биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 818 азаматтың әрқайсысы 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржылай қолдауға ие болды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, жас кәсіпкерлердің басым көпшілігі тігін цехын ашуға, кондитерлік өнімдер әзірлеуге және мал шаруашылығын қолға алуға ниет білдірген.

Ал, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2 820 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданған. Сонымен қатар "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен" түзілген келісімнің нәтижесінде 74 шымкенттік шағын несиеге қол жеткізген.

Аталған мемлекеттік грантқа өтініш білдіру үшін, жеке тұлғада бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізінде оқыту курсынан өткендігі туралы сертификаты болуы қажет. Сонымен бірге қайтарымсыз қаржыдан бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында грант алмаған жастар, көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер мен шет мемлекеттерден қоныс аударған азаматтар үміткер бола алады.