Медицина қызметкерлері сауапты іске кенелді

Медицина қызметкерлері сауапты іске кенелді

Рамазан айында қайырлы істер үздіксіз жалғасуда. Бұл жолғы Шымкент қаласындағы «Көрме орталығында» ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шарасында емхана мен ауруханалардың кіші буын қызметкерлеріне азық-түлік себеттері үлестірілді. Қайырымдылық акциясы Шымкент қалалық дін істері басқармасы мен «Евангелия сеніміндегі христиандар одағы» ұйымы тарапынан қолға алынды, - деп хабарлайды Shymkentaqparat

– Қасиетті Ораза айының құрметіне орай және еліміздегі діни бірлестіктер арасында сенім мен өзара байланысты нығайту мақсатында қаладағы әлеуметтік көмекке мұқтаж медицина мекемелерінің кіші буын өкілдеріне ауызашарға деп азық-түлік себетін тартуды ұйғардық. Мүбәрак айдың бірінші күні Шымкент қаласы әкімінің атынан азық-түлік себеті таратылса, екінші күні «ОтауСтрой» компаниясының басшысы Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен әлеуметтік көмекке зәру отбасылар сыйлық ретінде бір-бір қораптан азық-түлік алды. Енді міне Оразаның үшінші күні қаладағы протестант діні өкілдерінің басын құраған ұйым бүгінде маңыздылығы арта түскен сала – медицинаның кіші буын қызметкерлеріне қайырымдылық көрсетуге бел буыпты. Бұл акция Рамазан айы аяқталғанша үзілмейді, яғни тұрмысы төмен азаматтарға көмек беру іс-шарасы оразаның отыз күні біткенше жалғасын табады, - деді Шымкент қалалық дін істері басқармасы бөлімінің басшысы Бақыт Төлемісов.

«Евангелия сеніміндегі христиандар одағы» ұйымының Қазақстанның Оңтүстік өңірлері бойынша өкілі Андрей Шаталовтың айтуынша қайырымдылық акциясы аясында жалпы сомасы 700 мың теңгеге көпбалалы немесе әлеуметтік жағдайы нашар денсаулық сақтау мекемелеріндегі 140 кіші буын қызметкеріне азық-түлік себеттері таратылды.

– Мұсылмандық бес парыздың ішінде ауыз бекіту мен үшін маңызды діни жоралғының бірі саналады. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстаумен қатар, қайырымдылық іс жасаудан да жарысқа түседі. Рамазан айы келгелі ұйымдастырылып жатқан сауапты амалдар соның жарқын көрінісі. Қайырымдылық акциясы аясында берілген азық-түлік себеті маған да бұйырыпты. Осындай ізгі амалмен сауапқа кенелуге ұмтылған қамқор азаматтарға, қоғамның тыныштығын, әлеуметтік қамсыздандыруды көздеген қалалық әкімдікке зор ризашылығымды білдіремін, - дейді қалалық перзентхана қызметкері Камила Өмірбекова.