«Ana tili» газетіне берген сұхбатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты мәселелер, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы пайымды пікір айтты. Қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, Атом станциясының құрылысы секілді өзекті тақырыптар да қозғалған.
Президент Қ.Тоқаевтың ауқымды сұхбаты Мемлекет басшысының ел дамуының негізгі мәселелеріне қатысты тұжырымдамалық көзқарастарын, оның осы үдерістің кейбір нақты аспектілеріне деген басымдықтарын айқындады.Отандық өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғаушы ретіндегі «Республика» партиясы үшін бұл сұхбатта ұлттық экономиканың теңгерімді жылжуы, шағын, орта және ірі бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау тақырыптары өзекті болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканы әртараптандыруда, өңдеу өнеркәсібін дамытуда, инфрақұрылымды жаңғыртуда жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп жатқанын ұстамдылықпен атап өтті.Ортақ іске қосқан үлесіміз нақты бастамалар мен нәтижелерден көрінеді. Мәселен, Мемлекет басшысы сәуір айында қабылданған кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі заңды мысалға келтіріп, оның кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.Осы орайда, аталған заңдағы басқа да жаңалықтармен қатар, отандық өңдеуші кәсіпорындарды елімізде өндірілетін шикізатпен қамтамасыз ету басымдылығы туралы норманың қабылданғанын еске салуға болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының инвестициялық ахуалды жақсартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, бастамашылдық пен кәсіпкерлікті дамытуға ұдайы көңіл бөліп отыратыны да баршаға аян. Бұл сұхбатында Мемлекет басшысының экономиканың ірі бизнесті дамытуға мүдделі екенін атап өткені маңызды. Көктемгі су тасқыны мен оның зардаптарын жою, әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, мыңдаған баспанасыз азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету ірі кәсіпкерлердің өз отандастарына деген ынтасы мен көзқарасының түбегейлі өзгергенін айқын көрсетті.«Қазақстан - әлеуметтік мемлекет» деп атап өтті Президент. Неге десеңіздер, әр мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы даму векторы оның экономикалық тұрғыда дамуына ең негізгі фактор болып саналады. Бұл бағытта мен, шағын және орта бизнес өкілі ретінде әлеуметтік нысандар салумен айналысып келемін. Мемлекеттің ең үлкен байлығы оның халқы және олардың өмірі мен денсаулығы. Ұлт саулығын арттыру үшін Шымкент қаласында екі бірдей клиника ашылып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуде. Қайтпас және Нұрсәт шағынауданында орналасқан "ASEM CLINIC" медициналық орталығына қазір 20 мыңға жуық азамат тіркелген. Алдағы уақытта да Президент пәрменімен берілген мемлекеттік саясатты орындауда жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сұхбатында мемлекеттік органдардың бизнесті тыңдау, онымен бірлесіп жұмыс істеу, келешегі бар жобаларға инвестиция құйып жатқан кәсіпкерлер мен инвесторларға көмектесу талабы, «Бизнеске қысым жасау туралы әңгіме болмауы керек, ол үшін шенеуніктер мен күштік құрылымдарды жауапкершілікке тартамыз» дегені – бізге болашаққа деген сенім береді.
Мұхит Қабылбекұлы Асанов
“Республика” партиясының мүшесі,
ASEM CORPORATION Медико-фармацевтикалық корпорациясының бас директоры, кәсіпкер, қоғам белсендісі