Ми инсультін анықтайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды

Ми инсультін анықтайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды

Шымкент қаласындағы №2 ауруханада ми инсультін диагностикалайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Тың әдіс инсульт ауруын 10 минутта анықтауға мүмкіндік береді.

№2 ауруханада базасында өткен «CEREBRA» жобасының таныстырылымы барысында жаңа жүйемен жұмыс істеу әдісі мен ауруды ерте сатысында анықтаудың маңыздылығы толығымен түсіндірілді.

Жаңа жоба арқылы медицина мамандары инсультты ерте деңгейде анықтап, бірден ишемияға ұшыраған аймақты білуге, уақытында емдеуді бастауға, операция жасауға қарсы көрсетілімнің бар-жоғын анықтау мен емдеу шараларын дер кезінде атқара алады.

Медицина мамандарының айтуынша, инсульттың дер кезінде анықталмауына адами фактор көп әсер етеді. Ал «CEREBRA» жобасы инсультты 10 минут ішінде тануға және инсульт ядросындағы тіндердің тығыздығының өзгеруін есептеуге жәрдемдеседі. Бүгінде аталмыш жобаға 6 қала мен 8 инсульттық орталық қосылған. Алдағы уақытта жасанды интеллект неврологияда да қолданылатын болады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульттен зардап шегеді. Соңғы жылдары тосыннан тап келетін ауруға жастар да жиі ұшырай бастаған. Жыл өткен сайын аурудың түрі жасарып келеді. Мамандар елімізде инсульт дертінің алдын алу үшін ерте диагноз қойып, науқастардың емделуге қолжетімділігін арттыру бағытындағы шараларды арттыра түскен абзал дейді.