Науқас балалар ерекше тәсілмен емделеді

Науқас балалар ерекше тәсілмен емделеді

Шымкентте №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында арнайы құрылғының көмегімен жарықпен емдеу тәсілі іске қосылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Орталыққа жаңадан әкелінген «Биоптрон» медициналық құрылғының көмегімен қызмет алушылар арасында тыныс алу мүшелері мен буын, бұлшық еттердің ауруларын емдеу мүмкіндігін береді.

«Орталықтың медициналық аппаратпен қамтамасыз етілуі емдік шараларын жүргізуде үлкен көмегін тигізіп отыр. Мәселен, жарықпен емдеу әдісі қауіпсіз әрі зат алмасу процестерін қалыпқа келтіреді, жаралардың жазылуын жеделдетеді, иммундық жүйені нығайтады, микроциркуляцияны жақсартады және ауырсыну қарқындылығын азайтады. Орталықта оған қоса стоматологиялық кабинеттің арнайы құрал-жабдықтары жаңартылып, жоғары сапалы деңгейде тіс ауруларын емдеудеміз»,-дейді әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының дәрігері Е.Байғұтова.

Жалпы, №6 орталығында жеке күтім және бақылауды қажет ететін 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді.

Бүгінгі таңда 135 балаға тәулік бойы тұрақты стационар жағдайында және 95 балаға жартылай стационарда қызмет көрсетіліп отыр.

Медициналық қызметтен бөлек, емдік массаж, физиотерапиялық ем, психологиялық көмек, монтессори әдісі қолданылып,қызмет алушы әрбір балаға әлеуметтік-оңалту шаралары жүргізіледі. Сонымен жыл соңына дейін қосымша 12 медициналық құрылғымен қамту жоспарланған.