ОТАНДЫҚ АЯҚ КИІМ ӨНДІРІСІ ӨРІС АЛДЫ

ОТАНДЫҚ АЯҚ КИІМ ӨНДІРІСІ ӨРІС АЛДЫ

Шымкент қаласындағы отандық аяқ киім фабрикасы жаңа желіні іске қосты. «Lux Shoes» БК» ЖШС дайын өніммен қатар, енді аяқ киім табандарын шығаруды қолға алды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

«Кәсіпкерлікті қолдау» картасы аясында жүзеге асқан аталған жоба отандық өнеркәсіптің өрісін кеңейтері анық. Себебі дайын өніммен қатар, жартылай шикізатқа жататын аяқ киім табаны үлкен сұранысқа ие.

Отандық аяқ киім өндірісіне маманданған кәсіпорын 2018 жылдың тамызында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында өз жұмысын бастаған болатын. Жобаның инвестиция көлемі - 400 миллион теңгені құрайды. Фабрикада 40 адам тұрақты жұмыс істейді.

ЖШС бүгінде 30-дан астам түрлі аяқ киім моделін өндіруде. Аяқ киімнің барлығы шынайы былғарыдан жасалған және төзімділігімен ерекшеленеді.

– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге деген қолдау айрықша сезіледі. Міне, кәсіпорынның өндіріс көлемі мейлінше артып, жаңа желіні іске қосып жатқанымыз соның айғағы. Бүгінде дайын өніммен қатар, ер мен әйелдерге және балаларға арналған аяқ киімдердің табан өндірісін қолға алдық. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өндірісті кеңейтуге 290 млн.теңге инвестиция тартылды.

Қазіргі таңда фабрика күніне 120-150 сыңар аяқ киім өндірсе, ал табанның 4 бірдей түрінен 100-ге жуық данасы дайындалады. Аяқ киімдерді еліміздің түпкір-түпкірінен сұратып жатқандар жетерлік. Шымкент қаласындағы аяқ киім дүкендерінен бөлек, Алматы қаласында жаппай сататын екі бірдей нүктеміздің саудасы қызып тұр, - дейді серіктестік директоры Жамшит Иристаев.

Айта кетейік, арнайы экономикалық аймақтың дайын инфрақұрылым, жер және мүлік салығынан, корпоративтік табыс салығынан босату сынды жеңілдіктері кәсіпорынның тұрақты дамуына және нарықты отандық өніммен қамтуға толық мүмкіндік беріп келеді.